Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күні қарсаңында өткізілетін іс-шаралар аясында дәстүрлі түрде мектебімізде 5–6 сыныптар арасында сап түзеу және ән байқауы өтті. Байқау барысында оқушылар саптық дайындықтарын, командирдің бұйрықтарын дәл әрі дұрыс орындау, саппен жүру кезіндегі үйлесімділік пен дәлдік, рапортты нақты және дұрыс тапсыру, әнді әсерлі орындау және ұранды анық айту қабілеттерін көрсетуі тиіс болды. Әрине, бағалау критерийлерінің бірі — киім үлгісінің талапқа сай болуы да назардан тыс қалған жоқ.
Барлық көрсеткіштерді білікті қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының құрамында: Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының майоры — Кухарев Роман Александрович, мектеп директоры — Аленова Гүлден Жаксылыковна, дене шынықтыру пәні мұғалімдері болды.
Сап түзеу және ән байқауы салтанатты жиынмен ашылды. Жиында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының 3-курс оқу взводының курсанттары оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар алдында саппен жүріп өтіп, әскери дайындықтың алғашқы дағдыларын көрсетті.
Іс-шара жоғары деңгейде, бір деммен өтті. Сынып отрядтары жақсы саптық дайындықтарын көрсетті. Оқушылардың көрсеткен өнерін бағалау қазылар алқасы үшін оңай болған жоқ. Алайда байқау болған соң жеңімпаздар анықталуы тиіс. Қазылар алқасының шешімі бойынша «Ең үздік командирлер» деп 6 «Д» сынып оқушысы — Асаубаев Мирас пен 5 «В» сынып оқушысы — Шмунг Дарья танылды. «Ең үздік отрядтар» номинациясы бойынша 6 «Г» және 5 «Б» сыныптары жеңімпаз атанды.















